2023 -2024 жылдары Жетісай ауданы экономикасына 64 жобаның есебінен 35 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту көзделіп отыр. 3000 – ға тарта жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Бұл туралы Жетісай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев айтты. БАҚ өкілдерімен бірге өткен брифингте 8 айда атқарылған жұмыстардың есебін баяндады, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
Сала басшысының айтуынша, биыл құны 100 млн теңгеден асатын жалпы соммасы 8,2 млрд теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның есебінен 625 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Соның ішінде білім , денсаулық , спорт,туризм және басқа да қызмет көрсету саласында құны 6,6 млрд теңгені құрайтын 23 жоба жүзеге асырылу үстінде. Бұдан бөлек, агро – өндірістік санаттағы жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 6 жоба қолға алынған дейді бөлім басшысы.
ДАНИЯР ТОЛЫБАЕВ; ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
– Жетісай қаласында ЖК “Ұлықбек” құны 200 млн теңгеге “Аяқ киім цехы” Жетісай қаласында ЖК “Қолдасов” құны 350 млн теңгеге ” Тоқыма емес мата өндірісі” инвестициялық жобасын іске асыруда. Ділдәбеков а/о ЖК Алтынбаков құны 300 млн теңгеге “Бетон зауыты” жобасын, Мақталы а/о “Мақталы жер” ЖШС құны 100 млн теңгеге ” Бақша, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу цехы” жобасын іске асырып жатыр. Ералиев а/о “Тұран Мақта” ЖШС 300 млн теңгеге жеке инвестиция тарту арқылы 10 мың тонналық “Мақта шикізатын өңдеу зауыты” жобасын, Жетісай қаласында ЖК “раджапов” 350 млн теңгеге 5 мың тонналық “Көкөніс сақтау қоймасын модернизациялай” жобасын іске асырып жатыр.
Мақта кластерін дамыту бойынша да ірі инвестициялық жобалар жасалынып жатыр. Атап айтқанда 2023- 2028 жылдар аралығында аудан экономикасына 41,5 млн АҚШ доллар инвестиция тарту жоспарланып отыр. 5 жылдың ішінде өңірде кезең – кезең бойынша жіп иіру , мата тоқу және тігін фабрикаларын іске қосу көзделген.