Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қауіпті жұмыста істейтін 55 жастағы азаматтарға қосымша төлем қарастырылып жатқандығын мәлімдеді. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр өндірістік орындарда жазатайым оқиғалар мен жарақаттануды төмендету мақсатында “қауіпсіз еңбек” тұжырымдамасының жобасы әзірленетінін жеткізді.
“Жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, кәсіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу және т.б. ұсынылатын болады”, — деді Светлана Жақыпова ОКҚ өткен баспасөз мәслихатында.
Еңбек министрі зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
“Халықтың табысын арттыру мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде барлық әртүрлі саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай табысы артады”, — деді Жақыпова.