Сыртқы істер министрлігі ХАМАС пен Израиль арасындағы қарулы қақтығысқа қатысты мәлімдемесі жарияланды, деп хабарлайды Sanur.kz.
Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптайды. Біз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің кепілге алынған адамдарды алдын ала шартсыз дереу босату және гуманитарлық көмекке кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігі туралы үндеуін қолдаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекте өткен ТМД Саммитіндегі мәлімдемесінде келесідей айтылды: «Ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін террористік әрекеттерді жасауға болмайды. Бұл әрекеттер ақтауға жатпайды, — делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, Қазақстан Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырады.
Мұндай жағдайда халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Палестина халқының заңды құқықтарын көздейтін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын орындау өте маңызды. Зорлық-зомбылық әрекеті қайта зорлық-зомбылықты тудырады және Таяу Шығыс пен бүкіл әлем үшін сөзсіз қайғылы салдарға алып келеді. Қазақстан Газа секторының тұрғындарын эвакуациялау үшін белгіленген мерзімдерді алып тастау және қақтығыстың кепілдеріне айналмауы тиіс бейбіт тұрғындардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткен халықаралық қоғамдастықпен ниеттестік білдіреді, — деп мәлімдеді СІМ.
Осыған байланысты Қазақстан тараптарды әскери әрекеттерді тез арада тоқтатуын қамтамасыз етуге және «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде аймақтың барлық тұрғындары үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу жөніндегі күш-жігерді жандандыруға шақырады.
Айта кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израильде қанша қазақстандық бар екенін айтқан болатын.
Сонымен қатар ол Израильде зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ екенін айтқан еді.
Жалпы Израиль — Палестина шиеленістің тарихы, ХАМАС сияқты ұйым туралы мына материалымыздан оқуға болады.