Skip to content

ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ДЗЮДОДАН ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНДА ЕКІНШІ ЖҮЛДЕНІ ЕНШІЛЕДІ

Ғұсман Қырғызбаев – Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. 66 келі салмақта белдескен қазақстандық балуан үшінші орын үшін белдесуде сербиялық Страхинья Бунчичті жеңді,деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі

 

«Бұл менің соңғы Олимпиадам. Жасым 32-ге келді. Сондықтан, бар күшімді осында тастадым. 60 келіде сегіз жыл күресіппін. Сол салмақта бұйырмаған Олимпиада жолдамасы 66 келіде қолға түсті. Бүгінгі белдесулерге келер болсам, жартылай финалдағы бразилиялық жігіт басқалардан мықты дей алмаймын. Білмедім, жартылай финалда босаңсып кеттім бе… Екі ескерту бергені де ойда тұрды, кеңінен көсіле алмадым. 

Ан Баулға келер болсам, соңғы екі әлем чемпионатында соған жол бердім. Валид Хиярдан да ұтылдым. Испандықты да бұрын жеңген емеспін. Бүгін бәрінен есем қайтты десем, артық емес.

Қола медальға таласқан сербиялық спортшы өте мығым екен. Бойы ұзын. Оңай  болмады. 

Міне, көптен күткен Олимпиада медалі қоржынға түсті. Бұл жеңісті қазақ еліне, ата-анам, әйелім мен балаларыма арнаймын», — деді Ғұсман Қырғызбаев.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанып, қазақ халқына дзюдан алғаш рет  алтын медаль сыйлаған болатын 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *