Skip to content

ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТШЫЛАРЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ҚАТЫСЫП ЖАТЫР

        Өзбекстанның Самарқан қаласында шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионатының алғашқы күні мәресіне жетті, деп хабарлайды Sanur.kz Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.

Бүгін ерлер рапидтен 5, ал әйелдер 4 тур ойнады. Әйелдер арасында Ұлттық құрама гроссмейстерлерінен ең көп ұпайды Меруерт Камалиденова жинады. Оның еншісінде 3 жеңіс бар.

Меруерт үшінші ойында Батхуяг Мунгунтуулға (Моңғолия) есе жіберді. Одан кейін Бибісара Асаубаева (2,5 ұпай), Ксения Балабаева (2,5 ұпай), Алуа Нұрманова (2,5 ұпай), Назерке Нұрғали (2 ұпай), Зарина Нұрғалиева (2 ұпай), Әсел Серікбай (2 ұпай), Әмина Қайырбекова (1,5 ұпай), Елназ Қалиахмет, Айару Алтынбек, Лия Құрманғалиева келе жатыр. 

Ертең әйелдер тағы 4 тур сынға түседі. Қазір Жу Цзинер (Қытай) мен Нургюль Салимова (Болгария) 4 ұпаймен көш басында.

Ерлер арасында күннің аяғына қарай қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсен қарқын алып, көш басына шықты (4,5 ұпай). 

Қазақ шахматшыларынан ең жоғарғы орынға Денис Махнев жайғасты (3,5 балл). Одан соң 3 кездесуде қарсыластан басым түскен Арыстан Исанжулов пен Ернұр Амангелді келе жатыр.

Формат:

Рапид пен блиц Швейцария жүйесі бойынша өтеді.

Ерлер рапиді 13 тур, блиц 21 турға созылады.

Әйелдер рапидті 11 тур, блицті 17 тур ойнайды.

Биылғы чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 1 миллион АҚШ доллары. Оның 700 мыңы ерлер арасындағы ашық бәсекеде, қалған 300 мыңы әйелдер арасындағы турнирдің жүлдегерлеріне үлестіріледі. Шахматшылар 26-28 желтоқсан күндері рапидтен сынға түссе, 29-30 желтоқсанда блиц шахматтан мықтылар анықталады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *