Skip to content

ҚАЗАҚСТАНДА АНА МЕН БАЛА ӨЛІМІ АЗАЙДЫ

  Өткен 2022 жылы Елімізде ана мен бала өлімінің біршамаға төмендегені белгілі болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жаңа деректерді ұсынды. 

   Мәселен, елімізде жүкті әйелдерді перинаталдық бақылаумен қамту күшейтілді, бүгінде ол 99,2%-ды құрады, оның ішінде жүкті әйелдерді 12 аптаға дейін ерте қамту 5%-ға өсіп, 89,5%-ды құрады, перинаталдық ультрадыбыстық скринингпен қамту 5%-ға, биохимиялық скринингпен қамту 10%-ға өсті, сондай-ақ балаларды 1 жасқа дейін проактивті бақылаумен және скринингпен қамту 81%-ға дейін ұлғайды.

  Ведомство өкілдері хабарлағандай, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге білікті медициналық көмек көрсету үшін 18 ұрықты сақтау орталығы ұйымдастырылды, перинаталдық диагностика бойынша 150-ден астам ультрадыбыстық маман оқытылды.

   Бір жылдың ішінде министрлік мамандары аналардың сырқаттанушылығы мен өлімін төмендету мақсатында ауыр жағдайдағы жүкті, босанатын және босанған әйелдерге күнделікті мониторинг жүргізіп келді.

   Сондай-ақ 2022 жылы «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының» ресурстарын пайдалана отырып, ғылыми және республикалық клиникалардың профессорларымен және жетекші бейінді мамандарымен бірлесіп жүктілік және босану ағымы асқынған 910 әйелге 1391 медициналық қызмет көрсетілді.  Санитариялық авиациямен 200 ұшу орындалды; 21 әйелге операция жасалды, ауыр жағдайда 180 пациент облыстық және республикалық клиникаларға жеткізілді.

   Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыр жағдайдағы әйелдердің 1237 немесе 96%-ы құтқарылды. Соңғы 5 жылдың ішінде елде бала туудың өсуі байқалды, ол 2021 жылы 446 мың бала дүниеге келген кезде ең жоғары деңгейге жетті, 2022 жылы 412 мың нәресте дүниеге келді.

   Неонаталдық хирургияның дамуымен және осы технологиялардың өңірлерге ауысуымен туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86%-ды құрады. Орташа алғанда, жыл сайын туа біткен ақаулары бар 1500 жаңа туған нәресте хирургиялық ем алады.

   Айта кетсек, Қазақстан — Орталық Азияда туғаннан бастап кардиохирургиялық операциялар жүргізілетін жалғыз мемлекет. 2022 жылы туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға 1800-ден астам ашық жүрекке операция, оның 75%-ы бір жасқа дейінгі балаларға жасалды. Мастер-класс шеңберінде Германия мен Түркиядан шетелдік мамандарды тарта отырып, күрделі ақаулары бар 24 балаға операция жасалды. Аса ауыр жағдайларда балалардың өмірін құтқару үшін Қазақстанда телемедициналық технологиялар мен медициналық авиация іске асырылды. Санавиацияның 497 ұшуы, оның ішінде жаңа туған нәрестелерге 271 ұшу орындалды, 1072 балаға медициналық көмек көрсетілді.

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасында ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі тұжырымдама бекітілетінін еске сала кетейік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *