Жетісу университетінде Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті: ғылыми перспективалардан қоршаған ортаны қорғауға дейін. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан табиғаты геологиялық саналуандығымен ерекшеленді. Туризмді дамыту, жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің өсуі үшін белсенді пайдалануға болатын сирек кездесетін орындар көптеп кездеседі.
Бірақ бірде-бір табиғи аумақ жаһандық геопарк мәртебесін алмаған. Бұл мәселені «ЮНЕСКО-ның Геопарктері: Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасын дамыту» тақырыбында баяндама оқыған Ресей Федерациясы Қазан (Еділ) федералды университетінің ғалымы Елена Лунева көтерді. Ғалымның айтуынша, Қазақстандағы табиғатты құқықтық қорғау негізінен биологиялық және ландшафттық әртүрлілікті сақтауға бағытталған. Спикер еліміздің геоәртүрлілікті қорғау, геологиялық мұра объектілерін орнықты пайдалану, геопарктер құру туралы заңнамасын жетілдіру бойынша өз ұсынымдарын айтты.
Осы және басқа да өзекті мәселелер І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында өткен «Қазіргі заманғы ғылым, білім және технологиялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда көтерілді. Шараға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай және Словакия жоғары оқу орындарының ғалымдары, магистранттары мен студенттері қатысты. Конференцияның пленарлық отырысында Қырғызстан, ҚХР профессорлары мен отандық ғалымдардың баяндамалары тыңдалып, талқыланды.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Қуат Баймырзаев редакциялық комиссияға келіп түскен 90-нан астам мақала конференцияның маңыздылығы мен қажеттілігін көрсететінін айтты.
Айта кету керек, халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысы 5 бағыт бойынша өтті. Онда «Гуманитарлық білім беруді дамыту үрдістері мен басымдықтары», «Жаратылыстану-ғылыми білім беру: дамудың өзекті мәселелері мен тенденциялары», «Қазіргі заман шындығындағы құқық және экономика: ұлттық, өңірлік және халықаралық өлшем», «Қазіргі білім беру жүйесінің тәрбиесі мен практикасы», сондай-ақ «Қоршаған ортаны қорғау және техникалық ғылымдарды жаңғыртудың өзекті аспектілері» талқыланды.
Конференцияға қатысушылардың ғылыми мақалалары жинақ болып басылады.