Биыл Қазақстанда алғаш рет еуропалық ағзалар доноры күніне орайластырылған Донор күні аталып өтіледі. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еуропалық ағзалар донорлығы және трансплантаттау күні 1996 жылдан бастап қоғамның медицинаның осы маңызды саласына деген сенімін нығайту мақсатында өткізіліп келеді.
Жыл сайын бұл күн әртүрлі елдерде ағзалар донорлығының шұғыл қажеттілігі туралы қоғамдық хабардарлықты арттыру және ерікті және риясыз донорлық қағидаттарын насихаттау үшін ұйымдастырылады.
Қазақстан донорлық ағзалардың жетіспеушілігі проблемасына назар аудару және елімізде донорлықты дамыту мен ағзаларды трансплантаттаудың маңыздылығы туралы халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында Еуропалық ағзалар доноры күніне қосылады.
Мәселен, 2023 жылғы 10 қыркүйектегі жағдай бойынша ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру республикалық орталығының күту парағында бүйрекке, бауырға, өкпеге, жүрекке және «жүрек-өкпе» кешеніне мұқтаж 3953 пациент бар.
2022 жылы 16 адамның өмірін сақтап қалған 4 қайтыс болғаннан кейінгі донор ғана болды, 2023 жылы донорлар саны 12 пациенттің өмірін сақтап қалған 5 адамға дейін өсті.
Жалпы, 2012 жылдан бастап 2023 жылғы тамызға дейін барлығы 2475 трансплантаттау жасалды – тірі донорлардан – пациенттердің 83,4% және қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан – 16,6%. Оның ішінде 1833 бүйрек трансплантациясы, 472 бауыр, 90 жүрек трансплантациясы, 19 өкпе, 2 ұйқы безі, 59 қабықша жасалды.
Ең көп операция бүйректі трансплантаттау бойынша жасалды. Қазақстанда ағзаларды трансплантаттау бойынша алғашқы операция 1979 жылы 17 сәуірде Сызғанов атындағы ҰХО жүргізілді, бұл донорлық бүйректі трансплантаттау болды.
Қазақстанда трансплантаттау бойынша алғашқы операция 2012 жылғы 8 тамызда «ҰҒХО» КеАҚ-да жүргізілді, сол кезде донорлық жүрек созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар пациентке қондырылды.
«Республикалық транспланттауды үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсету орталығы» ШЖҚ РМК ағзалардың доноры күні шеңберінде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықпен бірлесіп 2023 жылғы 7 қазанда Астана, Керей Жәнібек хандар көшесі, 3 мекенжайы бойынша Ашық есік күнін өткізеді.
Трансплантаттау дәрігерлері 18 жастан асқан пациенттерге трансплантаттау бойынша тегін консультация береді. Республикалық трансплантаттау үйлестірушісі қайтыс болғаннан кейін ағзалардың донорлығы туралы ерік білдіруді бекіту, Күту парағына қою және жүргізу, сондай-ақ ағзалардың туыстық донорлығы мәселелері бойынша консультациялар өткізетін болады.
Ағзалар доноры күні Қазақстан халқын игі іс жасау мүмкіндігі туралы ойлануға және өмірді сақтап қалу жөніндегі маңызды қозғалыстың бір бөлігі болуға шақырады.