Республикада ЖРВИ және тұмаудың маусымдық өсуі байқалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова айтты.
«Эпидемиологиялық маусым басталған 2022 жылғы 1 қазаннан бастап ЖРВИ-дің 3,5 млн жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 2,3 млн жағдай бар», — деді Р. Қожапова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, өткен аптамен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың 1,5 есе төмендеуі байқалады.
Сонымен бірге тұмаудың 3213 жағдайы тіркелді, оның 1299 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалған.
«Өткен аптамен салыстырғанда тұмау жағдайларының саны 11 жағдайға өсті. Эпидемияға дейінгі кезеңде қазан айында республика бойынша тұмауға қарсы 2,4 млн адам немесе республиканың жалпы халқының 12,7% егілді», — деді Роза Қожапова.
Бұған дейін Роза Қожапова елдегі эпидемиологиялық жағдайды баяндаған еді.