Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, 100 жасқа толған Азтай ананың шаңырағына барып құрмет көрсетті. Азтай Түкенбаева – көпбалалы ана, тыл және еңбек ардагері, деп хабарлайды Sanur.kz.
Қала басшысы ғасыр жасаған өнегелі өмір иесіне Құттықтау хат және арнайы сый-сияпат табыс етті. Сонымен бірге игі тілегін жеткізіп, зор денсаулық тіледі.
Өз кезегінде ақ жаулықты ана Азтай Түкебаева қала басшысына алғысын айтып, ақ батасын берді. Елдің тыныштығын тілеп, ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Азтай анамыз 1924 жылы Хантағы ауылында дүниеге келген. Жолдасы Аманқұл Түкенбаев тыл ардагері. 75 жасында дүниеден өткен. Ғасыр жасаған анамыз 4 қыз, 3 ұлды өмірге алып келген. Қазіргі таңда осы перзенттерден 15 немере, 23 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әже.