Skip to content

КЕЗЕКТЕГІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

       Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында етісай ауданы әкімі Мамытов Серік Үсенұлының бекітілген кестесіне сай Ш.Ділдәбеков  ауылдық округі тұрғындарымен  Алпамыс елді мекенінде №41 Қ.Дәрімбаев атындағы жалпы орта мектебінің ғимаратында халықпен кездесуі өтті.

   Аудан басшысының жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков өткізген кездесуге аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков пен аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров, дербес бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары, округ тұрғындары қатысты.

    Ашық жүздесуде Серік Қонысбекұлы 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын жұмыстар мен жобаларға тоқтала кетті. Сонымен қатар, кездесуде халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылып, ауылдық округтегі  өзекті мәселелер және оның шешімі туралы айтылды.Округ аумағындағы жөндеуді қажет ететін ішкі көшелерге бюджеттен бөлінетін қаржыларға сәйкес кезең-кезеңімен орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы Жаңадала елді мекеніндегі ұзындығы 1,15 шақырымды құрайтын Достар көшесіне орташа жөндеу жүргізіліп, 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Сұлубұлақ елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 4,07 шақырымды құрайтын 6 көшеге орташа жөндеу, Қызылтаң елді мекеніндегі ұзындығы 0,94 шақырымды құрайтын Балдаурен көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған қоса, ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын Есімов, Қызылтаң елді мекеніндегі 0,65 шақырымды құрайтын Тазалық, жалпы ұзындығы 2350 метрді құрайтын Н.Сейдұллаұлы, Н.Текеұлы, Қалдыбайұлы Әліқұл  көшелеріне, Кемер елді мекеніне қарасты ұзындығы 1,56 шақырымды құрайтын Азаттық, Табыс, Бағбан көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттамасы жасалынып, қажетті қаржы көлемі анықталған. Бюджеттік комиссияға кезең-кезеңімен қаржыландыруға ұсынылатын болады.

   Сонымен қатар, Күрішті елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ағымдағы жылдың 24 қаңтарында ұсынылған. Жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан соң құрылысына бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсынылатын болады. Ал, Достық, Байдала, Сайлау, Бірлік, Сырабат, Сұлубұлақ, Жаңадала елді мекендеріндегі жаңадан түскен көшелерге электр желілерін жүргізіп, КТП орнату, Алпамыс елді мекеніндегі ұзындығы 0,8 шақырымды құрайтын Ақниет көшесін жарықтандыру  үшін сметалық құжаттамасы жасалынып, қаржы көлемі анықталған. Бюджеттік комиссияның кезекті отырысына қаржыландыруға ұсынылатын болады. Онымен қоса аяқжолдар салу мәселелері де сөз болды.

    Кездесуде округ тұрғындары тарапынан сұрақтар қойылып, толғандырған барлық мәселелерге кезекпен жауап берді. Кездесу соңында мәселесін жеке айтамын деген тұрғындарға аудан әкімі жеке қабылдау өткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *