Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетімен (ҚХР) бірлесіп, ауыл шаруашылығы құзыреттерін зерттеу орталығын ашу туралы келісімге қол қойылды. Хаб негізгі үш салаға – өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған, деп хабарлайды Sanur.kz.
Айта кетерлігі, өсімдік шаруашылығы саласында білім ордасы Қытай университетімен қазірдің өзінде әріптестік орнатқан. Бүгінгі таңда Қозыбаев университетінде бидай сортын сынау бойынша жобалар жүргізілуде. Жоба Қазақстанның құрғақ аймақтарында өнімділікті арттыру бойынша зерттеулерді қамтиды. Сонымен қатар, қазір Kozybayev University Қытай университетінің мал шаруашылығы факультетімен және мал шаруашылығы бағытында белсенді жұмыс істейді.
«Біздің облыс Қазақстанда сүт өндіру бойынша жетекші орынға ие екенін ескере отырып, сүт бағыты хабында зерттеудің негізгі салаларының бірі болып табылады. Орталықтың зертханаларында Қозыбаев университетінің оқытушылары мен студенттері жұмыс істей алады. Сондай-ақ, Kozybayev University-де магистранттарға арналған қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылады. Жоба Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетімен бірлесіп дайындалды. Студенттер бір семестрді Kozybayev University-де, ал қалған үш семестрді Қытайдың жоғары оқу орнында оқиды. Оқуды аяқтағаннан кейін магистранттар екі диплом алады – қазақстандық және қытайлық. Сонымен қатар, докторанттарға Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінде гранттар бөлінеді. Оларды шақырушы тарап ұсынады»,- дейді ректор Рената Апергенова.
Оқу аяқталғаннан кейін докторанттар Петропавлға оралып, алған гранттарын Kozybayev University зерттеу орталығы мен агрофакультетінде жұмыс жасау арқылы пысықтай алады. Бүгінгі таңда М. Қозыбаев атындағы СҚМУ екі оқытушысы Қытай университетінің докторантурасына грант иегерлері атанды. Олар өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы бағыттары бойынша оқытылатын болады.
Оқу келесі жылы Қытайда басталады. Айта кетейік, орталық университеттің кадрлық әлеуетін арттыруға және бүкіл Қазақстан үшін жоғары білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында университеттер арасында студенттермен алмасу бағдарламасы туралы келісімге қол қойылды. Бағдарлама аясында Қытайдың жетекші агротехникалық университетінен Петропавлға 13 студент келді. Ал Kozybayev University – ден ҚХР-ға 11 білім алушы аттанды.