Skip to content

ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҰЛЫБРИТАНИЯМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КҮШЕЙТУДЕ

        Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Ұлыбританияның бизнес және сауда істері жөніндегі мемлекеттік министрі Нусрат Ганимен кездесуі өтті, оның барысында ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кездесу Нусрат Ганидің екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту және әріптестікті дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы үкіметаралық комиссияға қатысу мақсатында Қазақстанға ресми сапары аясында өтті.

Кездесу барысында ғылыми зерттеулер, тәжірибе және білім алмасу, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын дамыту саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Саясат Нұрбек Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ғылым мен жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Ол екі мемлекеттің де бай ғылыми мұрасы және осы салалардағы өзара іс-қимыл үшін зор әлеуеті бар екенін атап өтті.

“Біз Ұлыбританияның академиялық институттарын, университеттерін көбірек тартуға мүдделіміз. ҚБТУ, Халықаралық экономика мектебі, Жұбанов базасындағы Heriot-Watt филиалы – біздің ынтымақтастығымыздың жарқын айғағы. Біз жаңа ғылыми зерттеулерді тартатын озық орталықтар кластерін ашу бойынша ұсыныстарға ашықпыз. Қазақстанда Ұлыбритания университеттерінің алтын үшбұрышын құруды қарастыруға болады”, – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі.

Сондай-ақ, министр Ұлыбритания делегациясына қазақстандық ғалымдардың, соның ішінде Бағдәулет Кенжалиевтің тазартылған селен, жас ғалым Гүлжан Түзелбаеваның әтір, Ербол Сағатовтың органикалық тұрмыстық химиясы сияқты ғылыми жетістіктерін ұсынды.

Ұлыбританияның бизнес және сауда істері жөніндегі мемлекеттік министрі Ұлыбританияның Қазақстанмен ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты қолдауға және дамытуға дайын екенін білдірді.

Іс-шара барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық шеңберінде іске асырылуы мүмкін нақты жобалар мен бастамалар талқыланды. Бұған студенттер мен оқытушылар құрамымен алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер, конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру және инновациялық жобаларды қолдау кіреді.

Кездесу барысында екі елдің министрліктері арасында ғылым және жоғары білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Қорытындылай келе, Саясат Нұрбек пен Нусрат Гани Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ғылым, білім және экономика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға сенім білдірді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *