Skip to content

ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТАБИҒИ ӨНІМДЕРІНЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

     Түркістан облысы, Ордабасы ауданына Қытай Халық Республикасынан делегация іссапармен арнайы келді. Делегация құрамында ҚХР Шандон провинциясының Линцин қаласы, Шыңжаң өлкесінің Үрімжі қаласындағы ірі кәсіпорын басшылары болды. Қытайлық делегация бірқатар өндіріс орындарын аралап, инвестиция салуға ниетті салалардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Sanur.kz.
 
Шетелдік кәсіпкерлермен аудан әкімі Азат Оралбаев кездесіп, ауданға инвестиция салатын кәсіпкерлерге инфрақұрылым жеткізіп беру және жеңілдетілген несие алу мәселелері бойынша көмек көрсетілетінін жеткізді.
 
– Ауданымыз – негізінен, ірі өндіріс орындары шоғырланған өнеркәсіптік бағыттағы аймақ. Сонымен қатар Ордабасыда ауыл шаруашылық саласына да басымдық берілген. Ауданға инвестиция салуға ниет білдірген жағдайда, біз сіздерді қолдауға дайынбыз, – деді аудан басшысы.
Кездесуде екі тарап инвестициялық жобалар туралы талқылады. Ресми кездесуден соң делегация мүшелері Бадамдағы «Қазақ-түрік индустриалды аймағында» орналасқан «Kazkioti» трактор құрастыру зауыты, әртүрлі мақсаттағы алюминий профильдерін және одан жасалған бұйымдарды шығаратын «Gold Aluminium» зауыты, «Бөрте Милка» сүт-тауарлық фермасы, ұн шығаратын «Ордабасы Нан» зауыты, күркетауық етін өндіруші «Ордабасы құс» фабрикасының өндіріс орнын аралап, жұмыс барысымен танысты. Қытайлық компания өкілдері өнімдерді арнайы сараптамадан өткізу мақсатында жергілікті азық-түлік өнімдерінен сынамалар алып, зерттеу жұмыстарын жүргізбек.
 
Сапар барысында қытайлық делегаттар ауданның брендіне айналған құс еті мен ұн өндірісіне ерекше қызығушылық танытты. Кездесу барысында кәсіпкерлерге өндіріс орнының қуаттылығы, логистикалық, инженерлік-инфрақұрылымдық жағдайы туралы толыққанды ақпарат берілді.
 
Айта кетейік, осыған дейін Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері бастаған Ордабасы, Сайрам, Сауран, Отырар, Қазығұрт аудандары және Кентау қаласының әкімдері мен кәсіпкерлерінен құралған Түркістан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасының Линьцин қаласына іссапармен барған болатын.
 
Нәтижесінде, ордабасылық «Компания Ануар» ЖШС мен қытайлық «Baoji Haoyu Hitech Machine Engineering Co.Ltd» корпорациясы қыш зауытына қажетті жаңа технологиялы қондырғы жабдықтар сатып алу үшін өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *