Skip to content
Главная страница » ҚЫЗЫЛША МЕН ҚЫШЫМА ДЕНДЕП БАРАДЫ

ҚЫЗЫЛША МЕН ҚЫШЫМА ДЕНДЕП БАРАДЫ

     Жетісай ауданында қызылша мен қышыма белең алды. Жұқпалы дерт  әсіресе балалар арасында өршіп тұр. Ең қауіпті тұсы да осы дейді мамандар. Өйткені олар балабақшалар мен мектепке барады. Салдарынан жұғу қаупі де жоғары болып отыр. Бұл туралы Sanur.kz тілшісі хабарлайды.

Ауданда күн өткен сайын қызылшаға шалдыққандар  саны артып барады. Басым бөлігі 1 – 15 жас арасындағы балалар. Жалпы қызылшаның өзі жедел респираторлы вирустық инфекциялар тобына жататын жұқпалы ауру.  Алғашқы белгілері тұмауға өте ұқсас.

ҚАЛБИКЕ БАЙЗАҚОВА; ИНФЕКЦИОНИСТ – ДӘРІГЕР

 – Дерттің негізгі белгілері – дене қызуының 38-40°С дейін жоғарлауы, құрғақ жөтел, мұрын бітуі, түшкіру, бастың ауырсынуы, қабақтың ісінуі және көздің қызаруы, жұтқыншақтың ісінуі, денеде бөртпелердің пайда болуы. Айта кету керек, бөртпелер кезектесіп шығады және бірігіп кетуге бейім болады. Мұндай жағдайда дереу дәрігерді шақыртып, қаралған жөн

Қызылшаны дер кезінде емдеп, алдын алмаса өте ауыр асқынуларға әкеп соғады. Инфекционист мамандардың айтуынша биылғы эпидемия балаларға өте ауыр соғып жатыр.

ҚАЛБИКЕ БАЙЗАҚОВА; ИНФЕКЦИОНИСТ – ДӘРІГЕР

– Өкінішке орай, биылғы эпидемия өте ауыр соғып жатыр балаларға. Өте қатты жөтел бар балаларда. Тіпті құсып жіберуге дейін барып жатыр. Ал асқынулары өте қауіпті. Қызылша соқырлық пен паненцефалит, яғни мидың зақымдануына әкеледі, тіпті өлімге әкелуі ғажап емес. Егер науқас ауыр жағдайда болса ауруханаға жатқызып, емдейміз.

Қызылша дертінің  белең алуы санитарлық эпидемиялық бақылау басқармасының мамандарын да алаңдатып отыр.  Әсіресе екпе алмағандар арасында көп кездесіп жатқанын айтады.  Былтыр ауданда мүлдем қызылша ауруы тіркелмеген дейді.

НҰРБОЛ КУЛМУРАТОВ; ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ – ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ  БАСШЫСЫ

 – Былтыр қызылша ауруымен ешкім тіркелген жоқ. Биыл 19 жағдай тіркеліп отыр. Оның барлығы 14 жасқа дейінгі балалар. Дертке шалдыққандардың басым бөлігі, атап айтқанда 7 – еуі екпе алмаған. Ауданда екпе салдыруға қарсы 28 отбасы тіркелген. міне, осы балалалда ауру өте ауыр өтеді.

Қызылшамен қатар қышыма дерті де балалар арасында жиі ұшырасып жатыр.  Әсіресе, спорт мектебіне баратын балалар қышыманы тез жұқтырып алады дейді мамандар.

НҰРБОЛ КУЛМУРАТОВ; ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ – ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ  БАСШЫСЫ

 – Былтыр 4 жағдай тіркелген болса, биыл 19 адам қышымаға шалдықты. Оның 10- ы балалар. Бұл ауру негізінен жеке гигиеналық талаптарды сақтамағандықтан жұғады. Әсіресе, спорт мектептері санитарлық – эпидемиялық талаптарды сақтамағандықтан, спорт мектебіне баратын балалар арасында жиі ұшырасып отыр.

Дәрігерлер, қызылша ауруының белгілері байқалса, емханаға келмей, учаскелік дәрігерді  үйге шақыруға кеңес береді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған