Қазақстан Президенті ҚХР-ға ресми сапары аясында SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен кездесу өткізді. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасай отыра хабарлайды.
Әңгімелесу барысында өзара ынтымақтастық және мұнай-газ химиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев SINOPEC компаниясының полиэтилен өндірісі жобасына толыққанды серіктес ретінде қатысуы Қазақстанның аталған кәсіпорынмен орнықты ықпалдастығының айқын дәлелі екенін атап өтті. Қазақстан мұнай-газ химиясына қатысты әлемдік деңгейдегі мұндай ауқымды жобаны бұған дейін жүзеге асырмаған. Жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард доллар.
– Біз компанияның Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытуға, сондай-ақ еліміздің мұнай-газ саласына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Сіздің кәсіпорныңызбен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз әрі Сіздің компанияны Қазақстанның стратегиялық серіктесі деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ма Юншэн Мемлекет басшысына компанияның 2024 жылдың екінші жартысында зауыт құрылысын бастауға ниеттеніп отырғанын айтты. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында тағы бір стратегиялық жобаны жүзеге асыру – терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі кешенін салу жоспарын жеткізді.
– Біз осы жобанының дамуына үлесімізді қосқымыз келеді. Бұл жобаға айрықша мән береміз, – деді Ма Юншэн.
Бұдан бөлек, кездесуде геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ аталған бағытта заманауи технологияларды қолдануға қатысты ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.