Президент Ордабасы ауданында «JNRAY Group» серіктестігі биыл іске қосқан тігін фабрикасының жұмысымен танысты,деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі Ақордаға сілтеп
Аумағы 6 мың шаршы метр болатын жеңіл өнеркәсіп нысанын ашуға мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында 1,4 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрикада киім-кешек, төсек жабдықтары және арнайы киім түрлері шығарылатыны жөнінде мәлімет берілді.
Бүгінде кәсіпорында 300 адам жұмыс істейді. Келешекте өнім түрлерін көбейтіп, тігіншілер санын 500-ге дейін жеткізу жоспарланған. Қажетті шикізат көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен жеткізіледі. Мемлекет басшысы тігін цехын аралап көріп, өнім үлгілерімен танысты.