Skip to content

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

        Ұлттық тәрбиенің бастауы, қайнар көзі саналатын – аналар өнегесінің қай қоғамда болмасын алар орны ерекше. Қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс ізге салуда, жеткіншіктерді жастайынан адами келбет ауанынан алыстатпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жаулықтылардың рөлі ерекше. Аналар өнегесі – ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ғасырдан-ғасырға жалғасатын тәрбиенің таусылмас қайнар көзі.
 
Көктем келіп, Жер-Ана мен күллі табиғат ұйқысынан оянғанда, ағаштар бүр атқанда келетін «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында Жетісай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен мерекелік шара болып өтті.
 
Аталмыш шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Махмұт-Бақыт Жаңбырбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Ғазиза Шүкірбаева қатысып, ұстаздарды айтулы мерекесімен құттықтады.
 
«Ұстаз – қай заманда болмасын қоғам дамуының негізгі тетігі саналатын қасиетті де қастерлі мамандық. Өйткені, мұғалімнің берер білімі мен өнегесінсіз адам баласының жеке тұлға ретінде қалыптасуы, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарих пен тағылымды оқып білуі әсте мүмкін емес. Міне, сондықтан да болар соңғы жылдары елімізде педагогика саласының мамандарына мемлекет тарапынан ерекше қамқорлықтар жасалып, мәртебесін биіктету шаралары қызу қолға алынуда. Ұстаздар мен оқушылардың заман үдерісінен шеттеп қалмай өз бетінше ізденуіне, білімі мен біліктілігін арттыруына мүмкіндігінше жағдай жасалып, білім ошақтарының материалдық-техникалық базалары жақсаруда. Нәтижесінде, білім мен ғылымға қызығушы қазақстандықтардың қатары артқан.
 
Білім саласында еңбек етіп жүрген барша нәзік жандыларды, ардагер апайларды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!» деді аудан әкімі.
 
Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамытып, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығарып жүрген ұлағатты жандардың ерен еңбектері ескеріліп, сый-құрметке бөленді.
 
Кеш барысында ұстаздар мен мектеп оқушылары концерттік бағдарламаларын ұсынып, көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әуелете ән салып, күмбірлете күй төкті. Мың бұрала би билеп, Жетісай аспанын шаттыққа бөледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *