Skip to content

МИНИСТР ЖЕТІСАЙҒА ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ

     Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен жаңадан құрылған ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов Жетісай ауданына арнайы іс-сапармен келіп, өңірдің өзекті мәселелерімен танысты, деп хабарлайды Sanur.kz.
 
Министрді аудан басшысы Серік Үсенұлы Мамытов аграрлы ауданның ағын суға қатысты проблемалық мәселелерімен таныстырып, оның шешілу жолдарын да қоса ұсынды.
 
«Достық» магистралды каналы арқылы ауданға келетін ағын су көлемі жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су алу мақсатында салынған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналының жақтаулары жыл сайын құлауы мен ұлтанының толып қалуы салдарынан су өткізу қабілеті төмендеген. Биылғы вегетациялық кезеңде барлығы 12 насостың екеуін ғана қосуға мүкіндік болып, шаруаларға секундына небәрі 6-8 текше метр су беріліп, ағын сумен қамтамасыз етуде қиындықтардың туындағанын айтқан аудан басшысы шұғыл түрде ғылыми зерттеу институттарынан тиісті мамандарды тарта отырып каналдың қауіп төндіріп тұрған бөлігін қалпына келтіру, су өткізу қабілетін арттыру, Шардара су қоймасынан қажетті көлемде ағын су алу үшін каналды модернизациядан өткізу жолдарын ұсынды.
 
Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 30,6 шақырымды құрайтын К-30, К-28 каналдарының бетондалуы тиіс 25 шақырымының 14 шақырымы, 175 шақырым ішкі тармақ каналдарының 52 шақырымы ғана бетондалған. Жоспарланған 4 насос станциясының ешбірі қойылмаған. 2012 жылдан 2019 жылға дейін бетондау жұмыстары 2 рет басталып, 2 рет тоқтаған.
 
Жетісай ауданы аумағында орналасқан 98 тік дренажды ұңғыманың 172-сі жұмысқа жарамды болса, Қызылқұм, Ш.Ділдәбеков, Мақталы, Ж.Ералиев, Абай, Ынтымақ ауылдық округтеріндегі жарамсыз 210 тік дренажды ұңғымаларды «Ислам даму банкі» қаржысы есебінен ЖСҚ-на түзету енгізу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету мәселелері де айтылды. Бүгінде аталмыш дренаждардың 113 данасының қайта қалпына келтірілу жұмыстары басталып отыр.
 
Сондай-ақ, Серік Үсенұлы аудандағы коммуналдық меншіктегі каналдар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыс әкімідігінің қаулысына сәйкес Жетісай ауданы ИДЖЖ-3 жобасына енген барлық ағын су нысандарын республикалық меншікке өткізу мақсатында 162 дана ішкі ағын су жүйелерін және 115 дана су қашыртқыларын құжаттандыру үшін аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, құжаттары толығымен рәсімделгенімен, ағын су нысандарын өткізу-қабылдау жұмыстары басталғанымен, «Қазсушар» РМК тарапынан облыс әкімдігінің қаулысы орындалмай тұрғандығын айтты.
Аталған өзекті мәселелердің шешілу жолдары мен айтылған ұсыныстарды ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов өз бақылауында ұстап, ағын су жетіспеушілігінің алдын алу бойынша тиісті мекемелермен жоспарлы жұмыстардың жүргізілетінін айтты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *