Мақтаарал ауданы әкімі аппаратында өткен аппарат жиынында аудан әкімі Бақыт Асанов аудан активіне «Мырзакент» аудандық ауруханасының бас дәрігерін таныстырды, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен 2024 жылдың 09 шілдесінен бастап «Мырзакент» аудандық ауруханасына Тұрсынханов Мұқан Шыңғысханұлы басшы болып тағайындалды. Аудан басшысы аурухананың бас дәрігерінің жұмысына сәттілік тілеп, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медицина қызметін көрсету керектігін атап өтті. Кейбір мәселелерді шешу үшін белсенді жұмыс жүргізу керектігін еске салды.
М.Тұрсынханов 1965 жылы Мақтаарал ауданында туылған. 1989 жылы Ақтөбе медициналық институтын «Педиатрия» мамандығы бойынша, 2020 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Медицина саласында 35 жылға жуық тәжірибесі бар білікті басшы қазіргі жұмысына тағайындалғанға дейін Шымкент қаласында қалалық №1 ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарған, делінген Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметінде.