Skip to content

«ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДА» ҮЙІРМЕЛЕРГЕ 1500-ГЕ ЖУЫҚ БАЛА ҚАТЫСАДЫ

       Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайында» бүгінде 1500-ге жуық оқушы қосымша білім алады. Олар түрлі үйірмелер мен авторлық жобаларға қатысады. Оқушылардың арасында 86 «Алтын алқа» иегерінің, 210 «Күміс алқа» иегерінің, 68 толық емес отбасы, 5 ерекше бала, 67 атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының балалары тегін білім алады. Бұл жайында брифингте мекеме басшысы Индира Икапова мәлімдеді. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
 
Оның айтуынша, «Оқушылар сарайы» негізгі үйірмелерден бөлек, республикалық деңгейдегі авторлық жобаларды қолға алған. Соның бірі – «Jas Talant» республикалық онлайн-конкурсы. Бірнеше турдан тұратын конкурс нәтижесінде жеңімпаздар мемлекеттік университеттерде тегін оқу мүмкіндік алған.
 
Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен ІІІ республикалық «JAS TALANT» онлайн байқауы өтті. Конкурс Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, М.Әуезов атындағы ОҚУ-мен жасалған меморандумдар аясында білім беру мекемелерінің бітіруші оқушылары мен бітіруші колледж студенттері арасында өтті. Осы орайда 80-ге жуық өтініш келіп, үздік деп танылған 20 қатысушыға оқу орындарының грантары мен түрлі жеңілдіктер берілді. Бұл байқау 2021-2022 жылдары да қолға алынды. Сонымен қатар Түркістан облысындағы көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен, мамандығы жоқ әйелдер үшін «Ісмер ана» жобасы жұмыс істеп тұр. Жобаға қатысушылар «Оқушылар сарайының» тігін шеберханасында «Киім моделін жобалау» үйірмесінде тігін өнерін меңгере алады. Қазіргі таңға дейін 40-қа жуық ана білім алды. Бүгінде «Ісмер ана» жобасының жетінші тобы білім алуда. Жобаға қатысқан Ж.Жанболатова 1 млн. 200 мың, ал Г. Утепова мемлекеттен қолдау тауып, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 3 млн. теңге көлемінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының грантын жеңіп алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр, – дейді Индира Сарқытқызы.
 
Сонымен қатар Оқушылар сарайында «Unisat» – білім беру хабы, «Qumyra» – қыш өнері және «Kade» жобасы қолға алынған. «Kade» жобасы аясында өңірде жасалатын құмыра, қолөнер бұйымдарын, шапандар мен тақияларды және басқа да ұлттық нақыштағы заттарды сатылымға шығарып келеді. Одан бөлек, орталықта кішкентай балаларға арналған интеллектуалдық “Danyshpan Education” дамыту ойындары бар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *