Премьер-Министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасы Төрағасының мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға келген China National Petroleum Corporation (CNPC) Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен кездесу өткізді,деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі Үкіметке сілтеп.
Энергетика саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері қаралды. Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру жөніндегі бірлескен жобаға ерекше назар аударылды.
Шымкент МӨЗ-ін кеңейтуді ескере отырып, зауытты шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету және Кеңқияқ – Атырау, Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту шаралары қаралды. Қазіргі уақытта қазақстандық және қытайлық сарапшылар қажетті есептер жүргізуде.
Кездесу барысында Олжас Бектенов пен Дай Хоулян газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру перспективаларына тоқталды.