Өңірде барлығы 700 үй мен 90 орындық балабақша салынып жатыр. Жақында ғана отбасыларға қоныстану үшін 53 үйдің кілті берілді. Маусым айының соңына дейін тағы 47 үй беру жоспарланса, 600 үйдің құрылысы биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталады. Бірлік ықшам ауданы қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген, топырақты жолдар салынып, серуендеуге және демалуға арналған аймақтарды абаттандыру жүргізіліп жатыр.
Салынып жатқан құрастырмалы-қалқанды үйлердің сапасы мен технологиясына ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда 100-ден астам учаскеде іргетас қаланып, конструкциялар құрастырыла бастады, сонымен қатар сумен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ сапар барысында Олжас Бектенов қалпына келтіруге жататын үйлерді жөндеу жұмыстарымен танысты. Солтүстік Қазақстан облысы – су тасқыны салдарын жоюға механикаландырылған бригадалар тартылған жалғыз өңір. Мәселен, тек Ойқала ықшам ауданында 1 133 үй су басу аймағында болды, оның 309-ы жөндеуді қажет етеді. Жұмыстарды 24 мехбригада кезең-кезеңімен орындап жатыр, Петропавл бойынша барлығы 85 осындай құрама бар. Қазіргі таңда едендерді ауыстыру, қабырғаларды сылау, гипс қатырмасын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Үкімет басшысы меншік иелері өтемақы түрінде төленген қаражатқа өздері жөндеу жұмыстарын жүргізетін жеке тұрғын үйге барды. Олжас Бектенов Үкіметтің негізгі міндеті – барлық эвакуацияланған тұрғындарды өз үйлеріне қайтару екенін атап өтті, бүгінде 64 мың адам өз үйлерінде тұрып жатыр.
Айта кетейік, Қазақстанның зардап шеккен өңірлерінде бүгінде 841 отбасы қираған тұрғын үйлерінің орнына жаңа үйлер мен пәтерлер алды. 1825 жаңа үй салынып жатыр. 4521 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды.