Бүгін Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалы, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы және Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен «Киелі Түркістаннан – Тарихи Ташкентке» атты әдеби-мәдени шарасы өтті, деп хабарлайды Sanur.kz.
Өзара тәжірибе алмасу, екі елдің ынтымақтастығы мен әдеби-мәдени байланысын арттыру, қазақ-өзбек қаламгерлерін және олардың шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында өткен кездесуге Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің өкілдері, Өзбекстан Республикасы Қазақ ұлттық мәдени орталығының мүшелері қатысты. Өзбекстан Республикасы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Назарұлы, жазушы, академик Марат Арынов аталған сапардың маңыздылығын мен бүгінгі оқырман үшін құндылығын атап өтті. Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысы филиалы төрағасы Айдар Сейдазым және Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы әдеби сапардың мақсатын айқындап, жиналған көпшілікке алғыс білдірді.
«Тұранның тұмары – Түркістан» тақырыбында жасалған кітап көрмесіне келушілер қызығушылық танытты. Облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі Динара Берікқызы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Түркі өміріндегі маңызы жайлы баяндама оқыды.
«Фараб» кітапханасы Өзбекстанның бас кітапханасына 150 дана кітап сыйлады. Өз кезегінде Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасының директор орынбасары Насиба Нормуратқызы және Собир Базарқұлұлы Түркістан кітапханасына 50 кітап сыйға тартты.