Skip to content

ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫ КАНИКУЛҒА КЕТТІ

                                                                                                     

                                                                                       Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда депутаттар VIII шақырылымдағы екінші сессиясының жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.

Ерлан Қошанов өткен сессияда «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының тиімділігі дәлелденгенін атап өтті.

– Президент жариялаған заң мен тәртіп үстемдігі қағидаты өткен заң шығару маусымындағы басты бағдар болды. Қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түсті. Парламент еліміздегі ең өзекті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді. Нормативтік құжаттардың мәртебесі мен салмағы артуда, – деді Мәжіліс төрағасы.

Палата спикері осы сессияда парламенттік жұмыс кезеңі толық әрі табысты атқарылғанын атап өтті. Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауларын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналды. Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды. Оның 102-сі қабылданды. Қабылданған заңдардың қатарында жылу энергетикасы саласы, мемлекеттік сатыпалым, масс-медиа туралы, адам саудасына қарсы іс-қимыл, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес, халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселесі, лудоманиямен күрес туралы және басқа да заңдар бар.

Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға 727 депутаттық сауал жолданды. 3 парламенттік тыңдалым мен 10 Үкімет сағаты өтті. Депутаттар осы сессия барысында депутаттар 800-ге жуық елді мекенді аралап, 2000-ға жуық кездесу өткізді. Өзекті мәселелерді шешу үшін өңірлерге шұғыл сапармен бару депутаттық қызметтің тиімді тәсілі ретінде орнықты.

– Кеше ғана Өз сөзінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент жұмысына оң бағасын берді. Ең алдымен Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса назар аударуымыз керек. Қазіргі кезде Парламент қоржынында 71 заң жобасы бар. Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажет, – деді Мәжіліс төрағасы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *