Мемлекет басшысына үшінші мегаполистің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды, деп хабарлайды Sanur.kz.
Мұрат Әйтеновтің айтуынша, өткен жылы қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 13,8 пайызға артып, 549,4 миллиард теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 110 мыңнан асты. Жалпы өңірлік өнім көлемінің 40,7 пайызы осы саладағы кәсіпкерлерге тиесілі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қаланың даму перспективасын ескере отырып, жаңа бас жоспар бекітілмек. Президентке жыл соңына дейін қала төңірегіндегі аудандардың тұрғындары ауызсумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етілетіні туралы баяндалды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 25 мектеп салу жоспарланған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Әйтеновке әлеуметтік мәселелерді шешу, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, сондай-ақ Шымкент қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.