Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен жаңа жылдық шырша өтті. Мерекелік іс-шараға әскери қызметшілерінің балалары мен отбасылары қатысты. Ерекше бағдарламада театр әртістері әскери қызметшілердің балаларын кейіпкерлер образында қарсы алып, ертегі әлеміне саяхат жасатты, деп хабарлайды Sanur.kz.
Мерекені ашқан Түркістан облысының қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев балалар мен ата-аналарын құттықтады.
– Қымбатты балалар, біздің елімізде түрлі мерекелер бар, бірақ ең мейірімді, әсем және сиқырлы оқиғаларға толы мейрам – Жаңа жыл! Бұл керемет, ертегілер мерекесі. Сіздерге мықты денсаулық пен бар жақсылықты тілеймін. Барлық армандарыңыз орындалсын, – деді полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев.
Аяз Ата мен Ақшақардың құттықтау сөз сөйлеп, ертегі кейіпкерлері сахнада қызықты театрландырылған қойылым көрсетті. Аниматорлар балалармен бірге шыршаны айналып би билеп, жауынгерлік негіздерді үйретті және жаңа жылдық әндер айтты. Іс-шара соңында әр балаға жаңа жылдық сыйлықтар берілді. Бүлдіршіндер ұзақ уақыт бойы сүйікті кейіпкерлерін жібергісі келмей, ән айтып, өлең оқыды. Оқудағы жетістіктерімен мақтанды және бос уақытын қалай өткізетінімен бөлісті.