Skip to content

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ШАХМАТ КЕРУЕНІ» ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА КЕЛДІ

     Бүгін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенісінің алдында республикалық «Шахмат керуені» жобасының ашылу салтанаты өтті. Бұл спорттық іс-шараны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде шахматты дамыту тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастыруда. Осы арқылы өңірлердегі жастардың зияткерлік әлеуетін көтеру көзделген. Көкшетаудан бастау алған маңызды жоба Түркістанға да жетіп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдында тартысты жарыс өтті, деп хабарлайды Sanur.kz.
 
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов жиынға арнайы қатысып, жеткіншектердің ойлау қабілетін арттыруда шахмат спортының маңызды екендігін айтты. Өңірде шахматты дамытуға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
 
Жиында Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылды. Оған Еркеғали Әлімқұлов жетекшілік ететін болды. Айта өтерлігі, бұл жоба еліміздің барлық өңірінде жалғасады.
 
Шахмат додасында облыстан 20 спортшы өзара бақ сынасты. Топ жарған үш жеңімпаз ақтық сынға жолдама алады. Шахматшылар керуені бұдан соң Қызылорда, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына барады деп жоспарланған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *