Сауран ауданында кәсіпкерлердің басын қосқан алғашқы бизнес-форум өтті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға арналған бизнес-форумның мақсаты алыс жақын шетел және отандық инвесторларды тарту есебінен тиісті салалар бойынша өнеркәсіптік және туристік аймаққа айналдыру. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, 11 айда ауданға 28,0 млрд. теңгеге инвестиция тартылды. Оның 18,2 млрд. теңгесі жеке инвестиция есебінен. 2024 жылы 32,4 млрд.теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру үшін жоспарланып жатыр.
11 айдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнімі 110,4 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 114,8%-ға артып, жан басына шаққанда 1 млн. теңгені құрады. Жалпы, өнімнің ішінде 86,3%-ы ауыл шаруашылығы, 9,2%-ы өнеркәсіп саласы, 3,2%-ы құрылыс саласы болса, 1,3%-ы сауда саласының үлесінде. Өнеркәсіп саласында 10,1 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 416,0 млн.теңге өнімі өндірілген. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін бүгінгі таңда 32 жер қойнауын пайдаланушылар бар.
Кәсіптерін дамытуды көздеген азаматтарға ыңғайлы жағдай жасайтын Шаға ауылдық округінен 30 га аумаққа индустриалды аймақ және Оранғай ауылдық округінен 365 га аумаққа арнайы экономикалық аймақ құрылуда. Аудан кәсіпкерлерінің басын қосқан форумда тоғыз жолдың торабында орналасқан Сауран ауданының потенциялын тиімді пайдалану тетігі ұсынылды. Форумға жиналған кәсіпкерлер бұл басқосу ауданның өсіп-өркендеу сатысындағы маңызды оқиға екенін айтты.
Форум аясында аудан әкімдігі кәсіпкерлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында құны 10 млрд. теңге тұратын 8 инвестициялық жоба бойынша кәсіпкерлермен меморандум түзілді. Сонымен қатар ауданда кәсіпкерлік кеңесі құрылады. Бауырлас қалалардағы кәсіпкерлермен қарым-қатынас нығаяды.
Ауданға инвесторларды тарту арқылы жеңіл, тау-кен, машина жасау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібін, туризм кластерін дамыту арқылы аудан экономикасын көтеруді көздеп отыр. Форум аясында аудан әкімі бірқатар кәсіпкерлерге құрмет көрсетіп, марапаттады.
Бизнес-форумда Өзбекстан елінен келген кәсіпкерлер ауданда жүзім өсіруге ниетті екенін жеткізді. Шетелдік кәсіпкерлер жүзім кәсібіне 3,5 млрд. теңге инвестиция салмақ. Форум аясында аудандық кәсіпкерлер алдында презинтация жасап, жүзім өсірудің тиімділігін кеңінен түсіндіріп өтті. Аудан климатына қолайлы жүзімнің төрт түрімен таныстырды. Қазақстанда жүзімді өсіріп, алыс-жақын шетелдерге экспорттаудың да тиімділігін атап өтті.
Осыдан біршама жылдар бұрын ауданға қарасты Ескі Иқан ауыл округінде мыңдаған гектар алқапқа жүзімнің 12 түрі өсірілген екен. Өзбекстандық кәсіпкердің айтуынша, жүзімді заман талабына сай плантацияда өсіруді қолға алмақ. Жоба іске асырылса, аудан жүзім алқабына айналады. Бизнес форум аясында аудан әкімдігі мен шетелдік кәсіпкер арасында меморандумға қол қойылды. Инвесторлық жоба 2024-2029 жылдарға жоспарланып отыр.