Skip to content
Главная страница » ШАХМАТ: ЕРТЕҢ ҚАЗАҚСТАН КОМАНДАСЫНЫҢ ӘЛЕМ ҚҰРАМАСЫНА ҚАРСЫ ОЙЫНЫ БАСТАЛАДЫ

ШАХМАТ: ЕРТЕҢ ҚАЗАҚСТАН КОМАНДАСЫНЫҢ ӘЛЕМ ҚҰРАМАСЫНА ҚАРСЫ ОЙЫНЫ БАСТАЛАДЫ

     17 сәуір күні Астанада шахматтан Қазақстанның әйелдер командасы Әлем құрамасына қарсы ойынын бастайды, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.

  Бұл жарыс 19 сәуірге дейін «Астана» Халықаралық қаржы орталығы аумағында рапид және блиц түрлері бойынша өтеді. Атап айтқанда, командалар құрамында рейтингі жоғары шахматшылар қамтылған. Ұлттық команданы гроссмейстер Гүлмира Дәулетова, әлем құрамасын гроссмейстер Дана Рейзниеце-Озола басқарады. Әр команданың құрамында 8 адамнан бар.

    «Әлем құрамасына қарсы ойнау өте қызық болады. Қарсылас команданың құрамындағы шахматшылардың көбісімен осыған дейінгі жарыстарда кездескен едім. Сонымен қатар, олардың кейбірімен енді алғаш рет ойнаймын. Матчтың елімізде өтіп жатқаны – мен үшін зор қолдау әрі қосымша жауапкершілік. Біз жақсы ойнауымыз керек», – деді шахматтан әлем чемпионы Бибісар Асаубаева елордада өткен баспасөз мәслихатында.

    Қазақстан құрамасында Жансая Әбдумәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Лия Құрманғалиева, Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Зарина Нұрғалиева сайысқа түседі.

  Аталған кездесуде әлем құрамасы қатарында қытайлық Ифань Хоу, грузиялық Нана Дзагнидзе, үндістандық Харика Дронавалли мен Савита Шри Би, әзербайжандық Гюнай Мамедзаде, болгариялық Нургюль Салимова, мажарстандық Зсока Гаал, өзбекстандық Афруза Хамдамова бар.

   Жарыстың жүлде қоры – 50 мың АҚШ доллары.

  Бұдан бұрын Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов еліміздің шахматшы қыздары Әлем құрамасына қарсы ойнайтынын айтқан еді.

  Айта кетейік, бүгін Астанада смартфондарға жүктеп алуға болатын Chess Legends атты жаңа қосымша таныстырылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған