15,5 млн теңге. Бұл – зейнеткердің ғұмыр бойына жинаған қаржысы болған. Шымкентте киберполиция зейнеткердің ірі көлемдегі қаражатын алаяқтан сақтап қалды, – деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі Polisia.kz ке сілтеп.
Шымкенттік “CyberPol” қызметкерлеріне 73 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді. Айтуынша, оған белгісіз біреулер қоңырау шалып, өздерін құқық қорғаушылар ретінде таныстырып, банк шотындағы күдікті операциялар туралы хабарлаған. Ал тексеру жүргізу үшін ер адам телефонына белгілі қосымшаны орнатып, SMS-кодты хабарлауы тиіс екенін айтқан. Қоңырау шалушылардан сезіктенген зейнеткер тәртіп сақшыларына жүгінуді шешкен. Полицейлер бұл алаяқтардың бөтеннің ақшасын онлайн жолмен жымқыру түрі екенін жеткізіп, бірден банкке хабарласып, шот бойынша барлық операцияларды бұғаттады. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтың 15,5 миллион теңгесін сақтап қалу мүмкін болды.
– Киберполицейлерге үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Олар жедел және үйлесімді жұмысының арқасында менің үлкен сомадағы қаражатымды сақтап калды. Бұл ақшаны балаларыма көмектесу үшін өмір бойы жинаған едім. Міне, дәл осылай жұмыс істеу керек! Сенім артуға болатын қызметкерлер, – деп алғыс білдірді қала тұрғыны.