Сенбіліктің қоғамның назарын тұрғылықты жеріңнің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор. Осы орайда Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлының қатысуымен қала, кент және барлық ауылдық округтерде жаппай сенбілік өтті, деп хабарлайды Sanur.tv.
Ауданда өткен сенбілік аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бөліп бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізсе, ауданның әрбір тұрғыны үй іргелік жерлерін күл-қоқыстардан, жапырақтардан тазартты. Сонымен қатар, сенбілік барысында саябақтар мен көшелер, арық-атыздар тазаланды. Коммуналдық сала мамандарының мәліметінше көп пәтерлі үй маңындағы аумақтар мен аулалар, көше бойында бей-берекетсіз жатқан қоқыстар, ирригациялық жүйелер тазаланды.
Берік Мамбетов; Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы
— Кестеге сәйкес әрбір қала, кент , ауылдық округтердің орталық көшелері мен әлеуметтік нысандардың барлықтарында санитарлық тазалық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Жалпы сенбілікке 2,5 мыңдай адам қатысып, 90 тоннаға жуық күл — қоқыстар шығарылды. Сонымен қатар 25-30 шақты техникалар жұмылдырылып, мемлекеттік мекемелердің кіреберістері және аудан аумағындағы көшелердің барлығында тазарту жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, аудан басшысы Ә.Қашаубаев көшесі бойындағы коллектордың, қаланың арық-атыздарының тазалығын, көшелердегі қоқыс тастайтын урналардың бар-жоғын жаяу аралап көрді. Бүгінде аудан орталығында жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын коллектордың бойында 172 жеке тұрғын үй мен бірнеше көлік жуу орталықтары орналасқан. Бәрі де сарқынды суларын өздігінен қазып алған арықтар арқылы коллекторға төгеді. Тұрғындардың денсаулығына алаңдаған аудан басшысы коммуналдық сала басшылары мен қала әкіміне тез арада жеке тұрғын үй секторлары мен көлік жуу орындарын орталық кәріз жүйесіне қосуды, арық-атыздардың тазалығын қатаң бақылауда ұстауды қадап тапсырды.
Берік Мамбетов; Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы
— Қашыртқының жанында орналасқан үйлерді кәріз жүйесіне қосу бойынша «Жетісай су» МКК -не тапсырмалар берілді. Алдағы күндері сол жердегі абоненттердің барлықтарын кәріз жүйесіне қосу бойынша дүйсенбі күннен бастап тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Қашыртқыға қосымша қаржы қарастыру мүмкіншілігін аудан әкімімен біргелікте қарастырып жатырмыз.
Айта кетейік, аудан көлемінде өткен сенбілік шарасын ұйымдастырушылар тазалық жұмыстары тек орталықтарда ғана емес барлық округтерде, елді мекендерде жыл он екі ай жалғасатындығын, әрбір мекеме мен әрбір аула тұрғындарға бекітіліп беріліп, тазалықты сақтауға ауыл ақсақалдары да жұмылдырылатынын айтады.