Жетісай ауданында Түркістан облыстық прокуратурасының ұйымдастыруымен алқалы жиын болып өтті. Жиында жергілікті жерде саяси тұрақтылық пен этносаралық қақтығыстардың, жанжалдардың алдын алу, халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мəдениет деңгейін, заңдарды түсіндіру, құзырлы органдардың құқық қорғау рөлін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Шаймұратұлы, Түркістан облысы полиция Департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Асылхан Сейдыханұлы, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының әкімдері мен орынбасарлары, аудандардың прокурорлары, аудандық полиция бөлімдері басшылары мен инспекторлары, салалық уәкілетті орган басшылары қатысты. Жергілікті жерде саяси тұрақтылық пен ұлтаралық қақтығыстардың, жанжалдардың алдын алу, халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мəдениет деңгейін, заңдарды түсіндіру, құзырлы органдардың құқық қорғау рөлін арттыру, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тəртіпті нығайту үшін азаматтық қоғам мен құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіру мақсатында өткізілген жиында этносаралық бірлікті сақтауда аудандарда атқарылып жұмыстардың барысы айтылып, қойылған көкейкесті сұрақтарға тиісті сала мамандары тарапынан тұшымды жауаптар берілді.
Ауыл шаруашылығы, жер даулары, сот актілерінің заңдылығы, қоғамдық тәртіп, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларға қатысты әлеуметтік желілерде жазылған сыни материалдар мен жекелеген арыздардың орындалуы сөз болды. Айтылған мәселелер мен ұсыныстар назарға алынды.
Жиын нәтижесі бойынша айтылған әрбір мәселе хаттамаға енгізіліп, талдау жұмыстары жүргізіліп іс-шаралардың нақты жоспарлары әзірленіп, көтерілген негізгі проблемалық мәселелерді шешу үшін жауаптылар бекітілді.