Кентау қаласында орналасқан №5 жылу энергоорталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Мемлекет басшысының былтыр желтоқсандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі жылу орталықтарын жаңғырту мәселесіне үлкен зейін бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.
Кентаудағы жылу орталығының жұмысын бақылау үшін бүгін облыс әкімі орталық басшысымен бірге стратегиялық нысанды аралап, жұмысшылармен жүздесті. Бірер күн бұрын мұндағы екі қазандық істен шығып, облыс әкімінің тапсырмасымен оны қалыпқа келтіруге барлық күш жұмсалды. Ақау бірнеше сағатта жөнделді. Жылу беру температуралық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Орталық жылу жүйесі арқылы 70 мыңға жуық халық тұратын 14 мың абонент орталықтандырылған жылуға қосылған. Оның 100-ден астамы бюджеттік мекемелер болса, 336 көпқабатты тұрғын үй, 2 мыңнан астам жеке сектордағы үйлер. 4 мыңдай коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.
Айта кетейік, 1934 жылы салынған №5 ЖЭО негізгі материалдық жабдықтардың 85 пайызы тозған. Бүгінде Кентау қаласында жаңа жылу орталығын салу мәселесі қарастырылып жатыр. ЖЭО электр энергиясын өндіреді және Кентау қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ететін жалғыз стратегиялық нысан болып табылады.
Кентау – Түркістан облысындағы моноқаланың бірі. Мұнда 100 мыңнан астам халық қоныстанған. Іс сапар барысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Көмір сапасын тұрақты назарда ұстауды жүктеді. Облыс әкімі өңірдегі жылу орталықтарының жұмысын бақылау, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жөнінде біршама ұсыныстарды тыңдады.