Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып, тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралар жүйелене түседі. Осы мәселеге байланысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен кезекті мәжіліс өткізді, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
Маңызды жиынға Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков, Полиция, Экология департаменттерінің басшылығы, аудан, қала әкімдері мен экобелсенділер қатысты. Өңір басшысы «Таза Қазақстан» акциясы бойынша атқарылған жұмыстар әкімдердің қызметін бағалауда назарға алынатынын жеткізді.
– Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жалғастырамыз және апта сайын пысықтап отырамыз. Бұл – Президенттің бастамасымен қолға алынған іс. Сондықтан оның маңызын әрбір әкім, әрбір мемлекеттік қызметкер терең сезініп, оны тұрғындарға жеткізе білулері керек. Әріптестер, «Таза Қазақстан» акциясы бойынша құлшыныспен жұмыс істеу қажет. Бұл – біреудің күштеуімен емес, өзіміздің ынтамызбен кірісетін жұмыс. Облыс аумағы таза болса, қоғам да, қоғамның ойы да тазарады. Сондықтан әрбіріңізден осы жұмысты жалғастыруды талап етеміз. Дұрыс нәтиже болмаса, ауыл округі әкімдері, аудан әкімдерінің жауапты орынбасарларына, тіпті, аудан, қала әкімдлеріне қызметтік шара көріледі. Барлық сала басшылары мен өкілдері атсалысуы тиіс. Білім, спорт, мәдениет, медицина мекемелерінің өкілдері өз аумақтарын тазартып, көгалдандырсын. Қоғам болып кіріскенде ғана аймақ тазарып, адары ашылады, – деді Дархан Сатыбалды.
Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков бұл бастаманың әрбір өңірде сапалы өтуі Президент әкімшілігінің тұрақты бақылауында екенін айтты.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшының м.а Нұрболат Нұржас және Түркістан облысының Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Айтпаев Бағланбектің баяндамалары тыңдалды делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінде.