Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан ауылындағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жаңа инватакси пайдалануға берілді. Аудан әкімі Азат Оралбаев Темірландағы «Шапағат» оңалту орталығына арнайы барып, аталған мекемеге мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдауға арналған жаңа көліктердің кілттерін табыс етті, деп хабарлайды Sanur.kz.
– Біз бұған дейін «инватакси» қызметі бойынша көлікті жалға алып келген болатынбыз. Енді осындағы қызмет алушы тұрғындарымыздың қозғалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа екі көлікті пайдалануға беріп отырмыз. Жаңа көлік осындағы азаматтардың игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді аудан әкімі.
Аталған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдауға арналған 2 инватакси автокөлігі мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы алынған. Қазіргі таңда аталған орталық конкурс жеңімпазы «Аяулы алақан» мүгедектер қоғамдық қорымен келісім-шарт жасалды. Енді қоғамдық қор аудан көлеміндегі мүгедектігі бар 295 азамат пен олардың 210 жеке көмекшісіне қызмет көрсететін болады.
Айта кетейік, оңалту орталығы мүгедектігі бар адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау, өзіне-өзі қызмет ету, олардың белсенді өмір сүру салтын сақтау және дамыту мақсатында 70 азаматқа, сонымен қатар тірек қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 27 балаға әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді.