Төлеби ауданында туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде таулы аймаққа баратын жолдар жөнделіп, табиғатымен ерекше ауданға ішкі туризмді айтпағанда, алыс-жақын шетелдерден қонақтар ағылып келуде, деп хабарлайды Sanur.kz.
2023 жылдың 9 айында 31884 демалушы келіп, 691,2 млн. теңгеге қызмет көрсетілді. Ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 140 бірлікке жетіп, туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыруы бағытында жобалар жүзеге асуда. Туризм саласын одан әрі дамыту мақсатында жыл басынан құны 3,6 млрд. теңгеге 7 туристік нысандар ашылды. Атап айтсақ, «ALMA-TAU» тау курортында құны 2 млрд. теңгеге бағаланып отырған қонақ үй және спорт кешені ашылып, мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған. Ал Нысанбек елді мекенінде құны 240 млн. теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Г.Файзиеваның демалыс орны, сонымен қатар Қасқасу ауыл округінде «Кіші Европа» демалыс аймағы мен Ақмешіт шатқалында К.Ысқақовтың демалыс аймағы ашылды.
Тағы бір айта кететін жоба Зертас ауыл округінде жеке кәсіпкер К.Қожамжарова саумалымен сауықтыру орталығын іске қосты. 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ Алатау ауыл округінде жеке кәсіпкер Х.Назарованың демалыс орны ашылған. Бүгінгі таңда Қоғалы ауылдық округінде құны 50 млн. теңгеге саумалымен емдеу орталығы іске қосылды. Кешенде тәулігіне 20 адам ем алуда.
Одан өзге жыл аяғына дейін Қасқасу ауыл округінде жеке кәсіпкер М.Күмісовтың құны 150 млн. теңге болатын демалыс аймағы ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ 2025 жылға дейін осы салада құны 4,5 млрд. теңге болатын 10 жобаны (демалыс аймақтары, қонақ үй мен спорт комплекс, оңалту-сауықтыру орталығы) іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде келуші туристер санын 55 мың адамға жеткізу көзделіп отыр.