Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылының тұрғындары жасақтаған қайырымдылық қоры арқылы қайырымды жандардың қолдауымен тағы да бір отбасы қоныс тойын тойлады. Ауылдағы қайырымды жандардың ұйымдастыруымен жалғызбасты ана баспаналы болды. Үйдің іші техникамен және асханаға арналған жиһаздармен жабдықталған. Азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Арманын орындаған ана ауыл азаматтарына шексіз ризашылығын білдіріп, қуанышын жасырмады. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жақсылық жасап, имандылық пен парасаттылықтың айқын көрінісін үлгі етіп жүрген Төрткүл ауылының азаматтарынан құрылған қор 2023 жылдың 20-шы науырызында өз жұмысын бастаған. Бір жыл ішінде мұқтаж екі отбасына баспана сыйлап отыр.
Жалпы аталған қайырымдылық қор мұқтаж отбасыларға үй сыйлаудан бөлек, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға киім-кешек пен мектеп формаларын, қажетті құрал-жабдықтарды үйлестіріп, сырқаты бар жандардың еміне көмек берумен айналысады.