Skip to content
Главная страница » ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРДЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН ФОРУМ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРДЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН ФОРУМ ӨТТІ

   Арыс қаласында белсенді жастардың басын қосқан «Жалынды жастар – Жарқын болашақ» тақырыбында жастар форумы өтті, деп хабарлайды Sanur.kz ақпарат агенттігі.
 
   300-ден астам қала жастары жиналған форумға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қала прокуроры мен сот төрағасы және Арыс аудандық полиция басқарма басшысы мен жеке құрамы қатысты.
 
  Еркін форматта өткен кездесу шымылдығын қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарының «Қисық жол» қойылымы ашты. Ұйып отқан отбасыны нашақорлықтың кесірінен күйреуін суреттеген көрініс өте әсерлі болды.
Бұдан кейін, қала әкімі Гүлжан Құрманбекова форум аясында алғы сөз сөйледі.
 
— Мен Арыс жастарының мемлекетіміздің өркендеуі мен жарқын болашағы жолында жастық жалынымен, ерік-жігерімен, аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайды деп сенемін, — деді қала әкімі.
Одан соң, қаламыздың дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ белсенді жастарды Алғыс хатпен марапаттады. Марапатталған жалынды жастар ішінде жас кәсіпкерлер мен спорт, медицина, ветеринария саласының жас мамандары бар.
 
    Жиында қала прокуроры мен сот төрағасы жастар арасында және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу, адамның қадір-қасиетіне тиіспеу, мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып сапалы білім алу туралы айтып өтті.
 
   Шара барысында Арыс қаласының полиция басқармасының бастығы, подполковник Бауыржан Қуатов қаладағы қоғамдық тәртіптің жай-күйі және полиция жұмысы туралы баяндама жасады. Қаламыздың жалынды, елі үшін қызмет етуден тайынбайтын мәдениет, спорт, білім-ғылым, кәсіпкерлік салалары бойынша жетістіктері бар белсенді жастар қатысқан кеш қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған