Skip to content

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: «ҚОНЫС АУДАРУ» ЖӘРМЕҢКЕСІНЕ 2 500-ДЕН АСТАМ ҚАТЫСТЫ

        Түркістан облысында Солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аударушыларға арналған «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өтті. Биылғы жылға жалпы Солтүстік өңірлерде 12 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Бұл туралы бүгін брифингте Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова мәлімдеді. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
 
-2015 жылдан бастап Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Нәтижесінде облыстан 2015-2023 жылдар аралығында 13 758 адам теріскейге көшкен. Көшті ілгерілету мақсатында биыл 12-14 наурыз аралығында халық тығыз орналасқан Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласында Солтүстік өңірлерге қоныс аудару жәрмеңкелері өтті. Осы орайда өңір бойынша жәрмеңкеге жалпы 2 558 адам қатысып, 1 773 адам кеңес алды. Ал 352 адам теріскейге қоңыс аударуға қызығушылық танытты, – деді Күміскүл Кемелқызы.
 
Жалпы жұмыс жәрмеңкелеріне Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарынан 73 өкіл қатысты. Облысқа келген 6 облыс тарапынан барлығы 11 657 бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде, Солтүстік Қазақстан облысы – 1 246, Абай облысы – 1 279, Шығыс Қазақстан облысы – 2 393, Павлодар облысы – 3 464, Ұлытау облысы – 523, Қарағанды облысы – 2 752 бос жұмыс орны жайлы ақпарат берді.
 
Брифингке қатысқан Ұлытау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Нұржан Орынбаев қоныс аударушылар үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін материалдық көмектерге тоқталды. Одан бөлек, Шығыс Қазақстан облысы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Әсел Қайырбекова бүгінде педагог мамандығына сұраныс жоғары екендігін жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *