Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға қолдау көрсету жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан өңірінде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына іссапары аясында Ақбұлақ ауылында орналасқан «KAZ KIOTI» зауытында болып, шаруалармен кездесті,деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі
Бүгінде облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Trade in» бағдарламасы қолданылып, шаруаларға ауыл шаруашылығы техникалары ұсынылуда.
Облыс әкімі шаруаларға тракторлар мен комбайндар кілттерін табыстады. Жалпы, бүгін 48 шаруа жаңа техникаға ие болды.
– Түркістан облысысында ауыл шаруашылығы саласына «Ауыл аманаты» жобасы арқылы нақты қолдау көрсетіліп жатыр. «Trade in» бағдарламасы да тиімді жүзеге асуда. Осы қолдаулар арқылы ауыл шаруашылығы техникалары жаңаруда. Бүгін облысымыздың шаруаларымен қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Жаңа техникаларрыңыз құтты болсын! Біз әрдайым өңір экономикасын дамытуға сеп беретін жобаларды қолдауға дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Техникаға ие болған шаруалар мемлекеттік қолдауға ризашылықтарын білдіріп, басшыларға алғыстарын айтты.
Түркістан облысында «Trade in» бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл ретте «KAZ KIOTI» компаниясы нақты іске кірісіп кетті. Бағдарлама арқылы шаруалардың істен шыққан ескі техникалары нарықтық бағамен бағаланып, қабылданады. Бұл – шаруаларға жаңа трактор алуға үлкен мүмкіндік. Ескі трактор мен техниканың бағаланған құны алғашқы жарна ретінде алынып, зауыттан шыққан жаңа тракторлар «Оңтүстік» АИО ЖШС және «Ырыс» микро қаржы ұйымы арқылы лизингке төмен пайызбен рәсімделеді.
Оңтүстік Кореяның «Daedong» компаниясымен бірге жинақталатын ауыл шаруашылық тракторларының өндіретін кәсіпорын 2015 жылы жұмысын бастаған. Жоба жеке инвестор есебінен жүзеге асып жатыр. 5 гектар аумақта орналасқан зауыттың инвестициялық құны – 6 919,0 млн теңге. Мұнда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт толық қуаттылығына шыққанда жылына 2000 техника жинауға мүмкіндігі болады. Өткен жылы 304 дана трактор, 6 комбайн жасап шығарса, осы жылдың 3 айында 180 дана трактор жинаған.
Зауыт басшылығы жобаның сәтті жүзеге асатынына сенімді. Ол өндірісті одан әрі дамытуды, оның ішінде, өндірістік қуатты арттыруды, шығарылатын өнім түрлерін көбейтуді, локализациялау пайызын арттыруды жоспарлап отыр.
Өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары жалғасады, делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінде.