Түркістанда жібек өндірісі қолға алынбақ. Осы орайда, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының басшылығымен өткен жиында өңірде бағалы матаның өндіріс көлемін өсіру мақсатында жол картасы бекітілді. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
-Жол картасының негізігі бағыты – 2029 жылға дейін 10 мың гектар аумаққа тұт ағаштарын отырғызу. Тұт көшеті – облыстың табиғатына икемделген өсіруге қолайлы ағаш түрі. Сонымен қатар, 2029 жылға қарай 100 миллион тұт көшеті мен 500 мың жәшік жібек құртының ұрығын өсіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жібек жіп өндірісінің көлемін 2,8 мың тоннаға жеткізу көзделген, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, жібек жіптері – жібек құртынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – облыс экономикасын әрі қарай дамытуға мол септігін тигізеді. Мамандардың пікірінше, жібек жібін өндіру – қажырлы еңбекті қажет ететіндіктен бағасы да қымбат.