Skip to content

ТҮРКІСТАН: СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ САЛДАРЫН ЖОЮ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

   Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында су тасқынының алдын алу және салдарын жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен қазіргі ахуал талқыланды, деп хабарлайды Sanur.tv. Өңір басшысы су тасқынына қарсы іс-шаралар толық орындалуы тиіс екенін айтып, аудан, қала әкімдері мен жауапты құрылым басшыларына тапсырмалар берді. 


  – Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға заң аясында көрсету мүмкіндігі қарастырылсын. Тасқынға қарсы  іс-шаралар жоспары толық орындалуы тиіс.  Қауіпті учаскелерді қайта зерделеуді,  су басқан елді мекендерді қалпына келтіру үшін заң шеңберінде  қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын. Біз су тасқынының алдын алу жұмыстарын жылыту маусымынан бері айтып келе жатырмыз. Тапсырмалар берілді. Бірақ кейбір елді мекендерде олқылықтар анықталды. Әсіресе Сауран ауданында. Әрине жалпы аудан, қалалар апаттың алдын ала білді. Бірақ дайындықты тоқтатпау керек. Әсіресе, Төлеби, Қазығұрт, Келес, Сарыағаш аудандарында жұмыс күшейтілуі тиіс. Қосымша техника қажет болса, шұғыл хабарлаңыздар, – деген Дархан Сатыбалды елді мекендерді қалпына келтіру бойынша комиссия жұмысын жандандыруды, шығындарды бағалау жұмысын жедел атқаруды тапсырды. 


   2 ақпанда басталған жаңбыр Түркістан облысындағы таулы аудандарда мол қардың еруіне, әрі қарай төмен қарай ағуына әкеліп соқты. Атап айтқанда, Кентау қаласы, Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандары аумағында жалпы 21 елді мекендегі  234 үйдің ауласын су  басу жағдайлары тіркелген. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, қазіргі таңда арнайы құрылған комиссиялармен  су басқан тұрғын үйлер мен шығын көлемі анықталуда. 


  – Департаменттің дағдарыс орталығында облыс әкімінің төрағалығымен шұғыл штаб отырысы өткізіліп, нақты тапсырмалар берілді. Су басқан аула аумағынан 204 адам және 790 бас ұсақ мал эвакуацияланды. Тұрғындар әзірленген 4 эвакуациялық орталыққа емес, туыстарының үйлеріне баруды жөн көрді. 121 аула аумағынан 20 мотопомпаның көмегімен 4968 текше метр су шығарылды. Департамент, жергілікті атқарушы органдар және Арыс қаласындағы әскери бөлімшенің күшімен (50 әскер) үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 18 300 дана қапшық құммен толтырылып, су басу қауіпі бар учаскелерге қойылды. Одан бөлек 40 мың данадан астам құм қапталып, дайындалды, – деді департамент бастығы


  Облыста өзен деңгейін бақылау үшін 14 гидробекет құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.  Алдын алу  жұмыстары Арыс қаласы (8) мен Келес (13), Сарыағаш (3), Ордабасы (16), Отырар (3) аудандарында  43 елді мекенді су басудан сақтап қалуға септігін тигізді. Арыс қаласы мен Отырар ауданында көпірлерде буылған сеңді эксковаторлар күшімен тазарту, жағаларын нығайту арқылы қауіп сейілді.


   Түркістан магистралдық каналына келіп түсетін суды Жетікөл бағытына бұру жүргізіліп, Түркістан қаласы аумағын су басуға жол берілмеді. Төтенше жағдай кезінде Ауыл шаруашылығы, Құрылыс,  Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары тарапынан техникалардың жедел жұмылдырылуы қауіпті сейілтуге септігін тигізген. 


   Бүгінде жағдай тұрақты. Дегенмен аэровизуалды шолу жұмыстары барысында Қаратау жоталарында әлі де қар қорының мол екендігі және Сырдария өзенінде мұздың қалыптасуы байқалған. Таудан бастау алатын табиғи арналар мен оның сағасындағы су қоймаларды және бойында орналасқан елді мекендерді бақылау жалғасады. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, 10 ақпанға дейін жауын-шашын түсіп, ауа температурасы жоғарылауы мүмкін. Су деңгейінің көтерілуі күтілуде. Аталған мәселеге байланысты өңір басшысы аудан, қала әкімдері мен жауапты басшыларға тасқынның алдын алу жұмыстарын күшейтуді, қадағалауды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *