Skip to content

ТҮРКІСТАННЫҢ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

                                                                                                Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан жұртшылығымен кездесуде Түркістан қаласына тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Осы бағытта жұмыс жүргізіліп, Түркістан қаласына рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамыту үшін ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі. 

 Түркістанға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Үнзила Шапақ, Абзал Құспан және Нұрсұлтан Байтілесов пен жауапты министрлік өкілдері арнайы келді. Халық қалаулыларын облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдап, бұл заңның маңызы туралы пікір алмасты.

– Түркістанның тарихи орны айрықша ғой. Келешекте Түркі елдеріне ортақ іс-шаралардың бәрін осында өткізуді жоспарлап отырмыз. Соған сай әрі дайын болуымыз керек. Мемлекет басшысының қолдауымен тарихи шаһарды дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Оған қоса қалаға ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасы әзірленді. Бұл бастама қаламыздың дамуына тың серпін береді деп ойлаймын. Қаланың өзіндік сәулет үлгісін сақтай отырып, ескерткіштерін қорғап, тарихи шаһар ретінде дамытуымыз қажет. Түркістанға келетін туристер қазақтың тарихынан, салт-дәстүрінен, мәдениетінен мағлұмат алып, танысатындай болуы тиіс. Оларға біздің ұлттық ерекшелігіміз, тарихымыз қызықтырақ. Аталған заң жобасы осы бағыттағы жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ Түркістанның тарихи орнын айшықтайтын Заң жобасы маңызды әрі керек құжат екенін айтты.

– Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеу және қабылдау мәселесін Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова ерекше бақылауға алып, жұмыс тобын құрды. Тиісті тапсырмалар берді. Бұл Заң жобасын ҚР Ұлттық экономика министрлігі ұсынды. Бір айта кетерлігі, бұл – Үкімет тарапынан қазақ тілінде әзірленіп, ұсынылған алғашқы Заң жобасы. Осында тарихи мәні бар. Екіншіден, бұл Заң жобасын әзірлеуге халық та тікелей атсалысып, өз ұсыныстарын білдіруде. Сол пікірлерді тыңдап, Заң жобасына енгіздік. Ескерткіштерді қорғау, қаланы дамыту сынды бастамалар көрініс тауып отыр, – деді Үнзила Шапақ.
 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан: «Дәстүрге негізделген Заң өміршең болады. Менің ойымша, Түркістанның мәртебесі туралы Заң жобасы қысқа болса да, тарихи маңызы жоғары болады. Біздің өңірге келу мақсатымыз – Түркістан тұрғындарының, зиялы қауым өкілдерінің ойларын, пікірлерін тыңдау, ұсыныстарын білу. Заңды бекітерде осы ұсыныстар ескеріледі. Тұрғындардың тұрмыс сапасы, мәдениеті, білімі көтеріліп, Түркістан заманауи әрі бәсекеге қабілетті шаһарлар қатарынан орын алады деген сенімдемін» деді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов те өз пікірін айтты. Қос тарап халықпен кездесу өткізіп, жұмысты бірлесе, атқаруға уағдаласты, делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінде
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *