Skip to content

ҮЙІРМЕЛЕРДІҢ ҮЙРЕТЕРІ КӨП    

       Өткен жылдың қорытындысы бойынша ең үздік ауылдық мәдениет үйі атанған Бірлік мәдениет үйінің өнерпаздары қорытынды есеп беру кешін өткізді. “Үйірмелердің үйретері көп” айдарымен өткен кеште ән мен жырдан шашу шашылды. Жылды жемісті қорытқан үйірме мүшелері алғыс хаттармен марапатталды. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Ауыл жастарының талантын шыңдап, өнерге баулып келе жатқан Шаблан Ділдәбеков ауылдық округінің Бірлік мәдениет үйінде бұл күнде 14 үйірме, оның ішінде 5 ұжым жұмыс істейді. Ауыл мәдениетінің жандануына үйірме жұмысының қосып отырған үлесі көп. Бүгінгі кешке де “Үйірмелердің үйретері көп” деген айдар тағылуы тегін емес. Өйткені концертте жыл бойы жоғары нәтиже көрсеткен  үйірме мүшелері өнер көрсетті. Жылдың жемісті сәттері  үлкен экран арқылы көрерменге паш етілді. Халық алдында көркем түрде есеп берілді.

 ӘЛИХАН КӨЗБАЙ; МӘДЕНИ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

Бұл жыл мәдениет үйі үшін өте керемет болды. Себебі облыста өткен байқауға қатысып, бас жүлдені иемдендік. Сонымен бірге Халықтық қор ұжымы “халықтық” атауын қорғаса, “Аяна” би тобы “Үлгілі” атағын облыста сәтті қорғап келді. Сонымен бірге жылдың қорытындысы бойынша Бірлік мәдениет үйі “Ең үздік мәдениет үйі” номинациясын иеленді. “Аяна” Үлгілі би ұжымы да жылдың үздігі атанды. 

  Кеш барысында Халықтық қор ұжымы мен “Тұран” вокалды аспаптар ансамблінің күміс көмей әншілері , Шабыт көркем сөз үйірмесінің  дарынды жастары тамаша өнер көрсетті. Ақ жаулықты аналар да қалыс қалмай “Кимешек” қойылымын қойды.  “Бірлік” және Үгіт  қуыршақ тетарының өнерпаздары да жануарларды сөйлетіп, көрерменге рухани азық сыйлады. Былтыр Үлгілі атағын сәтті қорғаған Аяна би тобының мың бұралған бишілері де сахнаға айрықша көрік берді.

ТҰРСЫНАЙ МҮСІРКЕП; “АЯНА” ҮЛГІЛІ БИ ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

2023 жылдың қаңтар айында Түркістан қаласына барып, “үлгілі” атағын қорғап, сол атақты биыл алдық. Сонымен қатар Шымкент қаласында өткен халықаралық байқауда Ташкент қаласына жолдама алып, ол жерде Гран – При жеңіп алдық. Қырғызстан еліне жолдама ұттық. Биыл  да алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз.

Сахна әлемі әзіл-ысқақ үйірмесінің Қыз алып қашу қойылымы да көрерменді күлкіге қарық қалды. Үйірме жұмысын жандандыруға үлес қосқан жетекшілер мен мүшелері алғыс хатпен марапатталып, еңбектері еленді. Осылайша, Бірлік мәдениет үйі Қоян жылын табысты аяқтап, Ұлу жылына ұлы мақсаттармен қадам басты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *