Су басу қаупінің алдын алу мақсатында Ұлытау облысында арнайы штаб құрылды, деп хабарлайды Sanur.kz әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.
Бұл жайында Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды. Жиында өңір басшысы штабтың тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуін қатаң тапсырды.
Қала-аудандардағы шаруа иелерінің жеке техникаларын да көмекке жұмылдыру қажет. Ол үшін тізім жасап, шартқа отыруды тапсырамын. Штабтың жұмысы әсіресе түнгі уақытта күшейтілсін. Бастысы, қызыл суды үйлер мен қораларға маңайлатпауымыз қажет. Ол үшін барлық қажетті шара жасалсын!,-деді өңір басшысы өз сөзінде.
Белгілі болғандай, арнайы штаб техникалар және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Облыс әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Ұлантай Үсеновтің айтуынша, қазіргі таңда «Қазавтожол», «Қазақстан темір жолы» мекемелерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде облыстық және аудандық жолдардағы арықтарды аршу жұмыстары 90%-ға атқарылған. Сондай-ақ, облыстағы су қоймаларының да тәулік бойы бақылауда екені айтылды.
Сондай-ақ облыс әкімі Жаңаарқа және Ұлытау ауданында уақытылы шығарылмаған қардың барлығы тазартылуын қадағалауда ұстау қажет екенін жеткізді.