Ұстаз есімі жас ұрпақ жадында қайта жаңғырды. Жетісай ауданы, Қарақай ауылдық округінде орын тепкен Шәкәрім Құдайбердиев атындағы жалпы білім беретін мектептің тағы бір сынып бөлмесі жаңадан жабдықталды. Кабинетке ардагер ұстаз, 40 жылын оқу — ағарту ісіне арнаған марқұм Гүлзинат Қарабекованың есімі берілді, деп хабарлайды Sanur.kz
Демеушілердің көмегімен сынып бөлмесін қайта жабдықтау бұл мектепте игі дәстүрге айналған. Бұл жолы ардагер ұстаз, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген марқұм Гүлзинат Қарабаеваның ұрпақтары демеушілік жасады. Есімі берілген кабинетті толықтай қайта жабдықтап, жиһаздарын жаңалап, гүлдермен көмкеріп, көрнекіліктермен толтырып қойды. Мұндағы мақсат — жас ұрпаққа Гүлзинат Қарабаеваның өнегелі өмірін, даналығын, ұстаздық еңбегін насихаттай отырып, тәлімді тәрбие беру. Жоғары білімді сонау Украина жерінде алған білікті педагог расымен де өз ісіне шын берілген, пайым — парасатымен көпке үлгі бола білген. Талай рет шәкірттері шетелге шақырып, бас иіп, құрметтеген екен.
Үлкендер жолы ұлылық, Ұрпағы жүрер ұғынып. Осындай айдармен өткен салтанатты жиында оқушылар концерттік бағдарлама ұсынды. Марқұм Гүлзинат Қарабаеваның көзін көргендер мен бауырлары жылы естеліктер айтып, өте білімпаз болғанын сағынышпен еске алды. Гүлзинат Қарабаеваның өзі де ұстаздар династиясынан шыққан, әкесі Кәрім де география пәнінен сабақ берген, бауырлары да осы саланы таңдаған екен. Жаңа сыныпқа кітаптар тарту етті. Ал жазушы — журналист Ғаппар Жаппар ардагер ұстаз атындағы конкурс ұйымдастыру жөнінде ұсыныс білдірді. Айта кетейік, сынып бөлмесіне ардагер есімін беру үрдісі бұл мектепте бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан игілікті іс.
Гүлзинат Қарабекова атындағы орыс тілі мен әдебиеті кабинетінің лентасы қиылып болған соң, көпшілік ішке еніп, аралап көрді. Немерелері тақпақ айтып, әжесінің даналығы мен даралығын паш етті. Естеліктер шертіліп,ұстаз есімі ұрпақ жадында қайта жаңғырды.