2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 529 411 заңды тұлға тіркелген, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда олардың саны 5.1% өсті, деп хабарлайды Sanur.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, оның ішінде 417,1 мыңы – жұмыс істеп тұр. Негізгі өсім шағын заңды тұлғалардың есебінен болған, олардың саны – 520 382 кәсіпорын, орта – 6 559 бірлік, ірі – 2 470 құраған.
Жыл басынан бері экономикалық қызмет түрлері бойынша тіркелген заңды тұлғалар санының басым бөлігі «Көтерме және бөлшек саудада сату; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу» саласында – олардың үлесі 27,9% (147 475).
Екінші орында – «Құрылыс» (70 469), үшінші орында – «Көрсетілетін қызметтердің өзге де түрлерін ұсыну» (52 765).
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша көп тіркелген заңды тұлғалар саны бойынша Алматы (149623 немесе 28,3%) және Астана (100169 немесе 18,9%) қалалары, сондай-ақ Қарағанды облысы (29104 немесе 5,5%) алда.
Тіркелген дара кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 774 249 құрады, оның ішінде 1 676 759 – жұмыс істеп тұрғандар.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 236 501 бірлікті құрады, жұмыс істейтіндердің үлесі – 91%.