Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әлеуметтік нан пісіретін наубайханаларға ұн сатып алып жатыр, деп хабарлайды Sanur.kz.
«Биыл жергілікті наубайханалар үшін ақпан-наурызға 2 мың тонна ұн сатып алынды. Тұрақтандыру қоры 2,3 тонна ұнды әлеуметтік нан шығаратын наубайханаларға келісіне 130 теңгеден жіберді. Бұл ретте 2022-2023 жылдардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның хаттамаларына сәйкес, сауда орындарына бір бөлкенің бағасы 100 теңгеден аспайтын әлеуметтік нан өткізу міндеттелді», — деді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өңірлік тұрақтандыру қорын басқару секторының жетекшісі Арман Түймебаев ӨКҚ-дегі брифингіде.
Спикердің айтуынша, корпорациядағы ұн қоры бүгінде – 2 700 тонна, яғни наубайхана ұйымдарының қажеттілігін алдағы наурыз айының соңына дейін қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Сондай-ақ, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ қорынан тағы 2 мың тонна ұна сатып алу жоспарланып отыр. Бұл қажеттілік туындаған жағдайда, мамырдың соңына дейінгі сұранысты өтеу үшін көзделген.
Арман Түймебаев атап өткендей, облыс тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінген 5,5 млрд теңге өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыруға бағытталып отыр.