Елімізде жанармай қымбаттаса, азық-түлік бағасы өсе ме? Бұл сауалға Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жауап берді, деп хабарлайды Sanur.kz.
«Баға өсімі тауардың түріне қарай әсер етеді. Жеңіл тауар болса аса қымбаттамайды, ірі өнімдерге баға тиісінше өсуі мүмкін. Жанар-жағармай бағасы өскен жағдайда, мысалы қантқа әсері — 5 пайыз, ал күнбағыс майы — 2,4 пайызға өседі деген болжам бар. Шамамен 15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, тауар өндіруші ірі кәсіпорындар қазір бензин, дизельмен жұмыс істемейді. Олар газға көшкен. Ал газдың бағасы әзір өспейді», — деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Оның айтуынша, жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түлік құнының артуына айтарлықтай әсер етпейді.
«Биыл күзгі егіс жұмыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ол арзандатылған бағамен литрі 204 теңге болады. Бұл баға өзгермейді. Сондықтан жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түліктің қымбаттауына аса әсер етпейді. Қазір елімізде баға тұрақты, осы орайда бірден өсіруге негіз көрмей тұрмын. Оның үстіне бізде азық-түлік қоры бар», — дейді ол.